Мал азығының тапшылығына жол бермеуіміз керек – Премьер-Министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидия беру жұмыстарын жариялап отыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі болжам бойынша кейбір өңірлерде жауын-шашын аз болуы мүмкін. Сондықтан да қажетті шешімдер қабылданды. Сумен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет. Біз былтырғыдай мал азығының тапшылығына жол бермеуіміз керек. Биыл әкімдіктерге жем-шөп егіс алқаптарын ұлғайтуды тапсырамын», - деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, егіс жұмыстарының барысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің жеткілікті қоры туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер халықты кеңінен хабардар ету керек.

«Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидия беру жұмыстарын да жариялап отыру қажет», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлихан Смайылов қабылданған шаралар елімізде бағаның өсуін тежеуге оң ықпал етуі тиіс екенін айтты.

Үкімет басшысы Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы жергілікті тұрғындардың проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.