«Мал өнімдерін өндіру технологиясы» атты кітап жарық көрді - Қызылорда облысы
10:40, 06 Қыркүйек 2010
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласында ел мерейін асыратын шәкірттер даярлайтын оқу ордасында елеулі үлес қосып жүрген қос азаматтың кітабы жарық көрді. Ол ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Қызылорда қаласы И.Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Бауыржан Ермұхан мен осы оқу орнындағы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Ерғазы Әлібаевтың «Мал өнімдерін өндіру технологиясы» атты кітап.
Авторлардың бұл еңбегінде төрт түлік мал және құс, пайдалы бунақденелілер қатарына жататын бал жинайтын аралардың тыныс-тіршілігі айтылған. Сондай-ақ өзен, көл, теңізде тіршілік ететін шортан, алабұға, мөңке, жайын секілді балықтардың уылдырық шашқанда пайда болатын жас шабақтар туралы ғылыми түсініктер берілген.
Бір атап өтерлігі, кітапта ауыл шаруашылықтарында өндірілетін өнімдердің сапасын арттыру туралы мәселелерді авторлар алға тартады. Әсіресе, бұл кітап агротехникалық университетте оқып жүрген студенттер үшін іздеп оқитын оқулық болмақ.
Мың данамен баспадан шыққан кітаптың тілі жатық, ойы орамды.