Мал шаруашылығы өнімдері: Қазақстан 42 елдің нарығына шығуға рұқсат алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайға 21 түрлі өнімді жеткізуге арналған фитосанитариялық талаптар келісілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.

Фото: Kazinform / Nano Banana

- Май-тоңмай саласы да тұрақты дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майының экспорты 41%-ға, ал тазартылған күнбағыс майының экспорты 2,1 есеге өсті. Қазақстандық өнім Қытайға, Орталық Азия мемлекеттеріне, Еуропалық одақ елдеріне, Ауғанстанды және Иранды қоса алғанда, 20-дан астам елге экспортталады, - деді А. Сұлтанов.

Оның айтуынша, отандық өнімді одан әрі ілгерілету мақсатында ветеринариялық және санитариялық кедергілерді жою бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

- Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдері 42 елдің нарығына шығаруға рұқсат алды. 2026 жылғы мамырда еліміздің бүкіл аумағы вакцинация жүргізілетін аусыл ауруына тосқауыл қою бойынша қолайлы аймақ ретінде ресми танылды. Бұл тірі мал мен мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді, - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, өсімдік шаруашылығы өнімдері бойынша Қытайға 21 түрлі өнімді жеткізуге арналған фитосанитариялық талаптар келісілді. Қытай нарығына экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіліміне 3 604 қазақстандық кәсіпорын енгізілді. Аталған шаралар Қазақстанға әлемдік азық-түлік экспорттаушылары арасында жетекші орындарды иеленуге мүмкіндік беруде.

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ұн мен зығыр экспорты бойынша әлемде 2-орынды, жасымық экспорты бойынша – 4-орынды, күнбағыс майы – 6-орынды, бидай – 7-орынды, арпа бойынша 8-орынды иеленді, - деді А. Сұлтанов.

Бұған дейін азық-түлік бойынша елде негізгі отандық өнімдер қаншалықты қамтамасыз етілгенін жазған едік