Мал шаруашылығы жақын перспективада экспортқа бағдарланған сала болып қалыптасады - Премьер-Министр

None
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның мал шаруашылығы жақын перспективада экспортқа бағдарланған сала болып қалыптасады.

Бүгін Астанада Еуропа бойынша Халықаралық эпизоотиялық бюроның аймақтық комиссиясы 24-і конференциясының ашылуына қатысқан ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.

«Индустриялық даму бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі бола отырып, еліміздің мал шаруашылығы жақын перспективада индустрияландыру есебінен экспортқа бағдарланған сала болып қалыптасады. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өніміндегі мал шаруашылығының өнімдері 43 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімдері еліміздің ішкі сұранысын толық қамтамасыз етіп келеді. Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы, ауқымды табиғи жайылым жерінің болуы - саланы одан әрі дамытуға жағдай жасап, экологиялық таза мал өнімдерінің барлық түрлерін өндіруге жағымды алғышартар қалыптастырады», деді К. Мәсімов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Қазақстанды үлкен экспорттық нарық қоршап жатқанын да ескеріп өтті.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 24-іне дейін жалғасатын халықаралық конференция жұмысына Еуропа, ТМД, Балтық жағалауының 44 елінен 107 делегат, 22 халықаралық ұйым өкілдері, сондай-ақ ветеринарияның түрлі жүйесінде қызмет ететін отандық делегаттар қатысуда.