Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, аумақтық ветеринарлық бақылау инспекциясының, ветеринарлық зертхананың өкілдерімен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Биыл Қостанай облысына шетелдерден 2 186 қара мал әкелінді. Келесі жылы мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы шеңберінде бұл көрсеткіш ондаған есеге ұлғайтылмақ, яғни, 36 000 ірі қара сатып алынады. Осы тұста түліктің физиологиялық жағдайы баса назарда болуы тиіс.
«Қостанай облысында аусыл ауруына қарсы екпе егілмейді. Сондықтан әкелінетін қара малды арнайы мәртебесі бар өңірлерге тасымалдау керек. Қара мал көбіне Ресей Федерациясынан тасымалданады. Мәселен, Орынбор, Самара, Қорған, Челябі облыстарында аусылға қарсы екпе жасалады. Бірақ, бұл өңірлерден Қостанайға мал әкелуге тыйым салынған. Алайда, ірі қара малдарды еліміздің оңтүстік облыстарына тасымалдауға болады», - деп түсіндірді ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Ләйла Аңсабаева.
Егер кәсіпкерлер басқа елдерден қара мал жеткізгісі келсе, онда оның мәртебесі туралы ҚР АШМ интернет-ресурсынан қарап алуға болады. Мәселен, ол тізімде дерматит, сібір жарасы, аусыл тәрізді эпизотиялық жағдай жөнінде мәліметтер бар. Ветеринарлық бақылаудың аумақтық инспекциясы, тиісті ережелерді сақтамаудың салдары бүкіл еліміздегі кәсіпкерлерге зардабын тигізуі мүмкін екендігін ескертеді.
Қостанайлық шаруалар екпеге байланысты мәселелердің көптігін айтып, дабыл қағады.
«Қазіргі уақытта мал шаруашылығында мәселе деген шаш етектен. Мұны жасырып керек емес. Кеңес үкімет тұсындағы мал басымен салыстырғанда бүгін қолдағы ірі қараның саны түкке тұрғысыз. Тіпті, біз өзімізді сүтпен толық қамти алмай отырмыз. Субсидиялаудың ережесі жылына бірнеше рет өзгереді. Тауар өндірушілер оларды түсініп үлгірмейді,-дейді «Тұрар» ЖШС директоры Қайрат Оспанов.
«Вакцинация мәселесі де түсініксіз. Біреу екпе жасатса, енді бірі жасатқысы келмейді. Ал дәрі ексе, мал біткен ауыра бастайды. Нодульдік дерматитке қарсы егілген вакцинациядан кейін осындай жағдай болған».
Облыстық аумақтық инспекцияның жетекшісі Оразбек Батырбеков елімізде халықаралық эпизоотикалық бюро мақұлдаған вакциналар ғана салынатындығын айтады. Оның әсері әртүрлі. Оны ауру ретінде қабылдауға әсте болмайды.