Мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударып, 2014 жылға қарай 60 мың тонна ет экспорттауға қол жеткізуге ұмтыламыз- Мемлекет басшысы

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан мал шаруашылығына баса назар аударып, 2014 жылға қарай 60 мың тонна ет экспорттауға қол жеткізуге ұмтылады.

Бүгін Ақордада отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Біз астық өсіруге көңіл бөлдік, енді мал шаруашылығына назар аударамыз және 2014 жылға қарай елден тысқары 60 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндік алғымыз келеді», - деді Елбасы.

Н.Назарбаевтың атап өтуінше, 60 мың тонна еттің бағасы 4,5 миллион тонна астықтың құнына сәйкес келеді.

«Демек, егер біз 2020 жылға қарай 180 мың тонна ет экспорттауға қол жеткізсек, онда бұл біздің еліміздің экономикасына өте мол үстеме берер еді», - деп атап өткен Мемлекет басшысы қазіргі уақытта әлемде азық-түлік пробелмасының орын алып отырғандығын, сондықтан Қазақстан аграрлы ел ретінде ауыл шаруашылығына зор назар аударатындығын баса айтты.