«Қазір біз шартты мал басына бар болғаны 14 центнер азық бірлігін өндіреміз. Бұл зоотехникалық нормадан 2,3 есе төмен. Ауыспалы егістегі азықтық дақылдардың үлес салмағы ғылыми негізделген 30 пайыздың орнына бар-жоғы 11 пайызды құрайды. Сонымен қатар, олардың шығымы төмен және өсірілетін азықтық дақыл түрлері шектеулі»,- деді А. Күрішбаев.
Министрдің айтуынша, еліміздегі жайылымдық жерлердің жағдайы да мәз емес. Мәселен, қазір жайылымның 48 млн. гектары тозған. Бұл 1991 жылғы көрсеткіштен екі есе көп және оларды қалпына келтіру жұмысымен ешкім айналыспайды. Дақылдық жайылымды құру мәселесі ұмыт қалған.
Бұл ретте аталған проблемаларды шешу үшін ең алдымен азық өндірісі көлемін зоотехникалық нормалармен бекітілген деңгейге жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл үшін егін шаруашылығын әртараптандыру аясында ауыспалы егіс көлеміндегі азықтық дақылдарды 2 есеге ұлғайту қажет. Бұдан бөлек азықтық дақылдардың тұқым шаруашылығын дамыту керек. Бұл ретте 2014 жылы элиталы тұқым шаруашылықтар жүйесін дамыту және жыл сайын 11,7 мың тоннаға жеткізу көзделген. Сондай-ақ, құрама жем өндірісін қалыпқа келтіріп, олардың жыл сайынғы өндіріс көлемін 1 млн. тоннаға жеткізу қажет.