деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ветеринарлық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салып өткен министр осыған байланысты ел аумағында сатуға арналған мал өнімдері мамандандырылған арнайы орындарда сойылуы тиіс екенін, яғни ветеринарлық-санитарлық нормаларға сәйкес жүзеге асырылуы керектігін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл ет өнімінің қауіпсіздігіне негізделген және мал шаруашылығы өнімін саудалау үшін қойылып отырған халықаралық талаптар екенін жеткізді. Жаңа заң жобасы бойынша өңірлерде мал союға арналған алаңдар құрылысының мүмкіндіктері қарастырылғанына тоқталған ол, бұл нысандардың құрылысы бойынша ұсыныстар аймақтарға жіберілгенін айтты. «Заң қабылданғаннан бері 5 ай уақыт өтті. Ал проблемалар шешілмеген күйде қалуда», деді А. Күрішбаев.
Оның сөзіне қарағанда, мал сою алаңдарымен қамтамасыз ету шаралары Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында ғана жүзеге асырылған. «Ал қалған облыстарда жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр», деді А. Күрішбаев.
Осыған байланысты ол жергілікті атқарушы органдарға биылғы жылдың мамыр айына дейін бұл жұмыстарды атқару міндеті тапсырылғанын айтты. Өз кезегінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Ө. Шөкеев бұл мәселе бүгінде маңызды екенін айтып өтті. Мал шаруашылығын дамыту үшін экспорттық нарықты кеңейту керектігін жеткізген ол, «бұл үшін мал мамандандырылған пункттерде сою керек. Алайда заң қабылданғаннан бері 5 ай уақыт өтті. Сонымен қатар біз әкімдіктерге тағы 5 ай уақыт береміз. Себебі, Кеден одағы жұмыс істеуде. Бұл талап орындалмаса, Ресейге етті экспорттау жүзеге асырылмайды», деді.
Ө. Шөкеев мал сою алаңдарын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарының міндеті екенін айтты.