Мал тұқымын асылдандыру үшін өңірлерде селекциялық жұмыстарды ширату керек - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елімізде ет экспорты әлеуетін арттыру бағытында ірі қара малын асылдандыру үшін ғылыми негізде селекциялық жұмыстарды жүргізудің маңызы зор. Бұл туралы бүгін Оралда «Асыл тұқымды етті бағыттағы аталық бұқаларды ұрпағының сапасы және бұқашықтарды өзіндік өнімділігін сынау жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында өткізілген республикалық семинарда мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы ұйымдастырған басқосуға Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары қатысып, өз ой-тәжірибелерімен, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Аталмыш палата директоры Әнуарбек Сейітмұратовтың айтуынша, тоқсаныншы жылдары Қазақстанда мал басының күрт кемігені белгілі. Мысалы, ақбас тұқымды сиыр кезінде 1 миллионнан асса, 2010 жылы 86 мыңға дейін төмендеді. Малды асылдандыру үшін сапалық бағалаудан өткен бұқалар керек. 2015-2016 жылдары облыстарда 500 бұқашық бағаланса, 2017-2018 жылдары  тағы 2 мыңы сынақтан өткізіледі. Мысалы, Астана қаласы маңындағы Қосшы ауылында «Асыл түлік» асылдандыру орталығына Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан алынған бұқалар тексеріліп, егер асылдың ұрпағы оң нәтиже берсе, сапалы деп бағаланғанын табынға қосуға болады. Алайда сапалық бағалаудан өткен малдың аздығы алаңдатады. Сондықтан өңірлерде селекциялық жұмыстарды ширатпаса болмайды.

 

Семинарда ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессорлары Қазыбай Бозымов, Едіге Насамбаев, сондай-ақ Ресейдің Орынбор облысы асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлімінің кеңесшісі Валерий Хайнацкий етті тұқымды өндіруші бұқаларды бағалау әдістерін жетілдіру, тиімділігін арттыру және осы жұмысты ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері жөнінде баяндама жасады.

 

Биология ғылымдарының докторы, қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы директорының орынбасары Қабыл Исабеков қазіргі уақытта селекциялық-асылдандыру жұмысының Батыс Қазақстан облысында жақсы жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Бұған Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығының 2015 жылы етті тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі және ататегінің сапасы бойынша бағалауды тексеруден өткізетін сынақ стансасын ашқандығын айтуға болады. Осы стансаға қожалық 80 млн. теңгедей өз қаржысын жұмсаған.

 

Республикалық семинарға қатысушылар БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловпен бірге өткен жылдан бері сынақ жұмыстарын жүргізе бастаған аталмыш стансада болып, пікірлесті. Мұндағы басты мақсат - осындай стансаларды өңірлерде бір жерден ашып, оларға қолдау көрсету.