Malaysia Airlines Донецк түбіндегі апат салдарынан күніне 2 млн. доллар жоғалтуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Малайзия әуе жолдары» компаниясы Донецк түбінде және Үнді мұхитында Boeing 777 (MH17 және MH370 рейстері) ұшақтарының апатқа ұшырау салдарынан қаржылық шығынға тап болуда. Бұл туралы Endau Analytics компаниясының сарапшысы Юсуф Шукорға сілтеме жасап шетелдік БАҚ хабарлады.

Оның бағалауынша, қазіргі күні Malaysia Airlines күніне 1 миллоннан 2 миллионға дейінгі қаржысынан қағылуда. Егер орын алып отырған ахуал одан ары жалғаса беретін болса, онда компания небәрі 6 айдан астам уақытқа ғана шыдас береді.

Malaysia Airlines наурыз айында MH370 рейсі жоғалып кеткенге дейін де қаржылық проблемаға тап болған еді. Компанияның акциясы соңғы 3 жыл бойы құлдырау үстінде. Айта кетерлігі 2007-2010 жылдар аралығы Malaysia Airlines үшін табысты болды. Алайда 2011 жылы дағдарысқа қарсы шаралар ретінде рейстер санын қысқарту салдарынан компания шығынға бата бастады.

Есте болса, Куала-Лумпурдан Бейжіңге бет алған MH370 бағытындағы әуе кемесі Малайзия жағалауынан 220 шақырым жерде болған кезінде радардан жоғалып кеткен болатын. Ұшақ жерге борттағы қандай да бір техникалық ақаудың орын алғандығы не болмаса қандай да бір проблеманың пайда болғандығы жайында дабыл жібермеген. Әуе кемесінің бортында 227 жолаушы мен 12 эпипаж мүшесі бар еді. Әлі күнге дейін олардың тағдыры белгісіз. Осыдан кейін сәуір айында Malaysia Airlines компаниясының рейстеріне алынған 30 мыңнан астам билет кері қайтарылды немесе кейінге шегерілген еді.

Ағымдағы жылдың 1 тоқсанындағы компания шығыны 139 млн. долларды құрады. Ал 17 шілде күні Украинада осы компанияның екінші ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесінің бортында 283 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі болған. Олар: Нидерланды, Малайзия, Австралия, Индонезия, Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Филиппин және Канада азаматтары. Жолаушылардың барлығы қаза тапты.