Malaysia Airlines компаниясының Boeing 777 ұшағы Үнді мұхитында құлағандығы жөнінде компания басшысы мен Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак хабарлаған болатын. Алайда халықаралық іздеу жұмыстары жалғаса бермек.
«Әуе лайнері жоғалып кетті, бортта болған жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы тірі қалған жоқ», - делінген Malaysia Airlines хабарламасында.
Компания өз сайтында 17 күн бұрын MH370 рейсі бойынша жолға шыққан адамдардың туған-туыстарына ортақтасып, көңіл айтады. Сонымен қатар сайттағы хабарламада оларға 5 мың доллар көлемінде өтемақы төленетіндігі жазылған. Әуекомпаниясы қосымша төлемдер жасауды көздеп отыр, деп хабарлайды CNN.