Malaysia Airlines компаниясының болашағы бұлыңғыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Амстердам - Куала-Лумпур бағдарында рейс жасауға шыққан MH17 апатынан кейін Malaysia Airlines акцияларының құны 11 пайызға төмендеді, деп жазады ВВС.

Әуе кемесінің апаты Батыс, Украина және Ресей арасындағы қатынастарды ушықтыруы мүмкін деген күдікпен сол күні көптеген азиялық биржалар төмендеумен аяқталды. Дегенмен, «Малазиялық әуе желілері» үшін бұл апат бір жылдың ішінде екінші болып тіркелді. Осының алдында наурызда MH370 рейсі жоғалып кеткен еді және оның тағдыры осы күнге дейін белгісіз күйінде қалды.

Осыдан кейін компанияның күйреуі мүмкіндігі жайында көп пікірлер айтылуда.

«Бұны кездейсоқтық дегеннің өзінде, ұлттық әуе компаниялардың тарихында бірнеше айдың ішінде бірден екі жалпақ фюзеляжды әуе кемесінен айырылу оқиғасы ешқашан болған емес. Бұл тұрғыда үкімет тарапынан мақсатты және салмақты қолдау қажеттілік етуде», - дейді Malaysia Airlines компаниясымен жұмыс істейтін DVB банктің өкілі Бертран Грабовски.

Компания бірнеше жылдан бері шығынды болып келген, ал соңғы 9 айда оның нарықтық бағасы 40 пайыздан астам деңгейге төмендеді.

Сарапшылардың пайымынша, соңғы апаттан кейін компанияның беделі түсіп отыр. Осы орайда осы оқиғалар компания үшін ауыр тиетіні сөзсіз.

Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing-777 Киевпен 16:20 (17:20 мск) шамасында байланысын тоқтатты. Кейін оның Украинаның Донецк облысына қарасты Грабово ауылының маңында апатқа ұшырағаны белгілі болған. Салдарынан бортта болған 298 адам қаза тапты.