Малайзия өмір сүру құнының өсуіне байланысты халыққа ақша таратады
АСТАНА. KAZINFORM — Малайзия премьер-министрі Ануар Ибрагим өмір сүру құнының өсуіне байланысты халықты қолдаудың жаңа шараларын жариялады, деп хабарлайды Bangkokpost.
Елдің кәмелетке толған азаматтары 100 ринггит (23,70 доллар) көлемінде бір реттік төлем алады.
Көмек бағдарламасының жалпы қаржыландырылуы 2025 жылы 15 миллиард ринггитті құрайды, бұл бастапқыда жоспарланған 13 миллиард ринггиттен асады.
Бұл шаралар Куала-Лумпурда сенбіге жоспарланған жаппай наразылықтар алдында жарияланды. Оппозиция үкіметті бағаның өсуін тоқтата алмай, уәде етілген реформаларды жүзеге асырмады деп айыптайды. Демонстрацияға 10-15 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.
Премьер-министр халық шығынын одан әрі азайту қажеттігін атап өтіп, кедейшілікпен күресу үшін қосымша шаралар қабылдауға уәде берді. Үкімет сонымен қатар RON95 жанармайына жаңа субсидиялау жүйесін енгізеді, бұл бензин бағасын литріне шамамен 1,99 рингитке дейін төмендетеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадамдар ішкі сұранысты қолдау үшін қажет, бірақ бұл ел бюджетіне қосымша қысым жасайды. Экономистер жанар-жағармайға субсидиялау реформасының кешігуі үкіметтің 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 3 пайызына дейін төмендету мақсатын орындауға кедергі келтіруі мүмкін деп ескертті.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Корея үкіметі халыққа 110 доллардан тарататыны жайлы жазған едік.