Малайзия Украинадағы әуе апатына байланысты 22 тамызды аза тұту күні деп жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Малайзия үкіметі Донецк облысында әуе апатында қайтыс болғандар үшін 22 тамызды аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Бүгін Куала-Лумпурде елдің вице-премьері Мухиддин Ясин мәлім еткендей, дәл осы күні апаттан қаза тапқан 15 адамның денесі атамекеніне жеткізіледі. Оның сөзіне қарағанда, мүрделер туған-туыстарына берілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing-777 ұшағы 17 шілде күні Украинаның Донецк облысына қарасты Грабово ауылының маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында болған 298 адам қаза тапты. Олардың 43-і - малайзиялықтар, сондай-ақ қаза тапқандар қатарында Австралия, Нидерланды, Индонезия, Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Филиппин, Канада және Жаңа Зеландия азаматтары болған.