Малайзия жағалауында 37 заңсыз мигранты бар қайық суға батып кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Бортында 37 заңсыз мигрант болған қайық Малайзияның батысындағы Пангкор аралы маңында суға батты. Қазіргі уақытта 14 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлады сейсенбі күні Малайзияның Теңіз құқық қорғау агенттігі (MMEA). Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Фото: Синьхуа

Перак штатындағы MMEA директоры Мохамад Шукри Хотобтың мәлімдемесіне сәйкес, оқиға туралы арал маңынан 23 аман қалған адамды тауып, құтқарған малайзиялық балықшы хабарлаған. Қазір билік қалған 14 адамды іздестіріп жатыр.

– Алдын ала тергеу нәтижесі мигранттардың 9 мамыр күні Индонезиядағы Кисаран қаласынан шыққанын көрсетті. Олар Малайзияның бірнеше өңіріне, соның ішінде Пенанг, Теренггану, Селангор және Куала-Лумпурға бағыт алған, – деді шенеунік.

Оның айтуынша, жоғалғандарды іздеу жұмыстарына Малайзияның Теңіз құқық қорғау агенттігі катерлерді, тікұшақты және барлау ұшағын жұмылдырған.

Еске сала кетсек, 15 сәуір күні Үнді мұхитындағы қайық апатынан кейін Малайзияға бара жатқан 250 мигрант із-түзсіз жоғалып кеткен еді.