Малайзияда мұсылмандардың бірлігі туралы декларация талқыланып жатыр

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Малайзиядағы «Әділетті өмірді жақтайтын халықаралық қозғалыс» атты үкіметтік емес ұйымға жетекшілік ететін белгілі ғалым әрі қоғам қайраткері Шандра Мұзафар ел билігі мен мүфтиятына әлем мұсылмандарын біріктіретін ғылыми-діни негізі бар «Амман декларациясын» ресми түрде мақұлдауға шақырды.

Аталмыш декларацияға 2005 жылы Амманда өткен конференцияда әлемнің елу елінің бетке ұстар екі жүз мұсылман ғалымы қолдарын қойып, батасын берген болатын. Сол жылдың қысында аталмыш құжат Меккедегі Ислам Ынтымақтастық Ұйымының мәжілісінде мақұлданды. Бұл туралы muslim.kz сайты жазады.

Аталмыш құжатта сүннетті ұстанатын мұсылмандардың төрт мәзхабы да, шииттер бағыты да, сопылық та, сондай-ақ, сәлафшылардың бағыт-бағдары да мақұлданған болатын. Бұған қоса, декларацияда пәтуа қабылдаудың жөн-жосығы да қарастырылған. Десе де, декларацияда асыл дінімізге қайшы келетін тәкбірлікке қатаң тыйым салынғанын айта кету керек.

«Шандра Мұзафар Малайзия билігінен «Амман декларациясын» мойындап қана қоймай, оны ислами білім беру орталықтарына таратуды және жұма уағызында кеңінен насихаттауды талап етіп отыр.

Соңғы уақытта сүннетті ұстанатындар мен шииттер арасындағы текетірестің Таяу Шығыстың «бас ауруына» айналғанын, сондай-ақ осынау жат құбылыстың түкпірде жатқан сонау Малайзияға да жеткенін айта кету керек», - деп жазады Әзіртет Сұлтан мешітінің ресми сайты.