Малайзиялық студенттерді «Назарбаев» Университетіне тартуға дайынмын - Малайзия ОСК төрағасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Малайзиялық студенттерді «Назарбаев» Университетіне тартуға дайынмын. Бүгін Малайзия Сайлау комиссиясының төрағасы Мохд Хашим Абдулла осылай деді.

«17 миллион халқы бар елдеріңізде инфрақұрылым өте қарқынды дамыған. Әсіресе, көлік саласының дамуын айрықша атап өтуге болады. Мен «Назарбаев» Университетінде болдым, қатты ұнады. Өзім білім алған факультетке ұқсас білім ордасына бардым. Мен малайзиялық студенттердің осы жерде білім алуына ықпал жасауға дайынмын», - деді Малайзия Сайлау комиссиясының төрағасы.

Сонымен қатар, ол Қазақстандағы сайлаудың демократия ұстанымына сай өткендігін, сайлаушылардың өз қалауларын білдіруге, шетелдік байқаушылардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалғанын айрықша атап өтті.

«Мені сіздердің адамдарды қалай дауыс беруге тарта алатындықтарыңыз таң қалдырды. 18 жасқа толғандарға, дәл сол күні туған күні болғандарға, сонымен бірге жасы 70-тен асқандар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне сыйлықтар беріліп жатты», - деді Мохд Хашим Абдулла.