Бұл туралы бүгін, 12 сәуірде Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті баспасөз қызметінің жетекшісі Майраш Тайкенова айтты.
Оның сөзіне қарағанда, малайзиялық желаяқ Алматыға бүгін ұшып келеді. Нақты уақыты әзірге белгісіз. Ал шараны ұйымдастырушылар Алматыдағы Малайзия елшілігінің консулы мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті.
Ал «Ұлы Жібек жолы» шарасы аясындағы жүгірісті Сууайба Мохд Насир өзі ойлап тауып, өзі жүзеге асырып жатыр. Қытайдың Бейжің қаласынан басталған жүгіру Италияның Венеция қаласында аяқталады.
Сууайба Мохд Насир бүгін Алматы қаласында шамамен таңғы сағат 11:00-де Халықаралық ақпараттық технологиялар уиверситетінің алдынан жолға шығады. Жүгіру бағыты: Сәтбаев көшесі - Сейфуллин даңғылы - Әл-Фараби даңғылы - Саин даңғылы - Райымбек даңғылы. Одан кейінгі бағыт - Қордай кенті.
Желаяқпен бірге қала ішінде университет студенттері, оқытушылары және ректоры жүгіруге бел буып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Сууайба Мохд Насир күніне 50 шақырымнан жүгіріп отырады. Ара-арасында демалады, кейбір жерлерде көлікті пайдаланады.
«Желаяққа ілесіп жиырма адам көлікпен жүріп отырады. Олардың ішінде дәрігерлер, басқа да қажетті мамандар бар. Жоспар бойынша Сууайба Мохд Насир Бішкек қаласынан кейін Тараз, Шымкент қалалары арқылы да жүгіріп өтеді» - деді Майраш Тайкенова.
Одан кейінгі бағыт Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалалары арқылы өтеді. Соңғы нүкте - Италияның Венеция қаласы.