***
Мәскеу қаласында өткен Халықаралық заңгерлер одағының үйлестіру кеңесі отырысында бірқатар құжаттар бекітілді. Нақты айтқанда, 2012 жылға арналған негізгі іс-шаралардың жоспары талқыланды. Сонымен қатар, осы ұйымның мүшелігіне қабылдау рәсімі өтті. Соған орай еліміздің Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Бекназаров Халықаралық заңгерлер одағы төрағасының орынбасары әрі одақтың үйлестіру кеңесінің мүшесі болып сайланды. Үйлестіру кеңесінде сөз алған Бектас Бекназаров «Халықаралық заңгерлер одағы» қоғамдық ұйымының 20 жылдан аса қызметі кезінде ТМД және әлемнің басқа да елдерінің заңгерлері ынтымақтастығын дамыту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілгендігін атап көрсетті. Бұл мәселені «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Экономикалық одақ тірегі» атты мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымның жазуынша, Астанада Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов АҚШ қорғаныс министрінің көмекшілері Эндрю Вебер мен Маделин Кридонды, Жапонияның елшісі Юдзо Харада мен Вьетнамның елшісі Ву Тхе Хиепті қабылдай отырып, бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Ержан Қазыханов Эндрю Вебермен және Маделин Кридонмен кездесуінде Қазақстанның АҚШ-пен жемісті ынтымақтастықты бекітуді жалғастыруда екендігін атап өтті. ҚР - АҚШ Стратегиялық серіктестігі жөніндегі комиссия құрылып, соның аясында энергетика, сауда және инвестициялар жөніндегі стратегиялық үнқатысулар дамуда. Еліміздің министрі Вашингтонда 2010 жылдың сәуір айында президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың кездесулерінің қорытындысы бойынша уағдаластықтарды жүзеге асыру, соның ішінде жаппай қырып-жою қару-жарақтарын таратпау саласында үлкен жұмыс атқарылғанын баса айтты. Кездесулер барысында көтерілген осы және өзге де мәселелерді «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Екіжақты кездесулер» атты мақалада.
***
«Осының алдында аусыл шыққан ауылдардың малсыз қалғанын жазған едік. Күні кеше Жамбыл аудандық прокуратурасынан ауданда өткен жылғы атқарылған ветеринарлық шараларға және аусылдан соңғы жұмыстарға қатысты тексеру жүргізілгені жайлы хабарлама келді. Онда айтылғандай, аудандық ветеринарлық инспекцияға былтыр қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін 134, 5 миллион теңге бөлініпті»,-деп жазады «Айқын» басылымы. Жыл барысында осы қаржыға аудан бойынша 163 мың мүйізді ірі қараға және жарты миллион ұсақ малға егу жұмыстары жүргізіліпті. Дегенмен атқарылған жұмыстарға қарамастан, ақпан айының соңына таман ауданның Үңгіртас, Ақтерек, Қарақастек, Дегерес ауылдық округтерінде сиыр мен қой-ешкі арасында аусыл табылады. Аталмыш жағдайдың әрі қарай қалай өрбігенін «Айқын» басылымы бүгінгі санындағы «Малдың бағасы, дұрыс па, ағасы?..» атты мақаладан білуге болады.
Сондай-ақ «Айқын» бүгінгі санында «Алимент төлеу - қарыз емес, парыз» атты мақала басып, проблема көтеріпті. Басылымның жазуынша, елімізде алименттен жалтарып, бауыр еті баласынан бас тартқан бөріктілерді құрықтау һәм жауапқа тартудың сан түрлі әдісі ойластырылуда. Жалпы, 2011 жылы жалғыз Алматы қаласында «қашқын» әкелер баласына 124 миллион теңге берешек бопты.
Ал еліміз бойынша 100 мыңнан аса бала алиментсіз күн көруде. Отбасының ойранын шығарып, баласынан бас тартқан ер-азаматтардың саны күн сайын артып келеді. Мәселен, Ақтөбеде
5 мыңдай азамат әйелімен ажырасса, оның төрт мыңы баласына алимент төлеуден қашып жүр. Ақпан айында ақтөбелік сот орындаушылары заңда бекітілген соманы емес, бауыр еті баласына киім-кешек, мектепке қажетті құралдар, азық-түлікпен көмек көрсетуге де болатынын барынша түсіндірсе, дін өкілдері балаға көмектесу қарыз емес, парыз екенін түсіндіріп әлек.
***
Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының өкілі Шалатай Мырзахметовтің ұсынысымен бір күндік жалқыларын Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге бермекші.
Кеше ғана Мәжіліс төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың төрағалығымен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған «үкімет сағаты» осылай аяқталды.
Отырыс барысында Құрылыс тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық агенттігің төрағасы Серік Нокин баяндама жасады. Оның мәліметтерінше, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында табиғат апаты салдарынан 3 аудан мен 30 ауыл зардап шеккен. Отырыста көтерілген осы және өзге де мәселелер «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Под крышей дома... Своего!» атты мақалада.