Малиде БҰҰ миссиясына жасалған шабуыл салдарынан бір бітімгер қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Малиде БҰҰ бітімгерлер лагеріне жасалған шабуыл салдарынан бір адам қаза тапты және тағы сегізі жарақаттанды, деп хабарлады елдегі БҰҰ миссиясының баспасөз хатшысы Оливье Сальгадо.

Бұл туралы Би-би-си жазады.

Белгісіз содырлар елдің солтүстігіндегі Кидал  өңіріндегі Агуелхок қаласындағы бітімгерлер лагеріне шапқыншылық жасады.

Бастапқыда бітімгерлерді гранатометпен атқылаған. Кейін лагерь аумағынан екі көлік қашып шығып, қолдан жасалған миналарға түсіп қалған. Жарылыс салдарынан Чадтан барған бітімгер қаза тапты.

 2012 жылдың басында Малидің солтүстігін «Аль-Каидамен» байланысы бар топ бақылауына алды.  2013 жылдың қаңтарында елде лаңкестікке қарсы шара басталды. Оған  Франция, АҚШ және Британия елдері қатысты.

Сол жылдың сәуір айында БҰҰ бітімгершілік миссиясы - MINUSMA жұмысын бастады.