Малиден халық үдере көшіп жатыр

АСТАНА. KAZIMNFORM - Малидің мыңдаған тұрғыны бұрын-соңды болмаған зорлық-зомбылықтан қашып, көрші Мавританияға өтіп жатыр. Ел үкімет әскері, шетелдік жалдамалы күштер және «Әл-Каида» мен ДАИШ-пен байланысы бар радикалды топтар арасындағы қақтығыс алаңына айналды, деп хабарлайды Aljazeera.

Фото: Aljazeera

Бейбіт тұрғындар жаппай жазалау, азаптау мен тонау деректері туралы айтып жатыр. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, әрі әскер, әрі қарулы топтар ұжымдық жазалау тактикасын қолданып жатыр. Соның салдарынан қарапайым халықтың тұрмысы адам төзгісіз деңгейге жеткен. Өткен айда халықаралық ұйымдар Африка одағының сотына талап-арыз жолдап, Мали билігі мен олардың одақтастарын адам құқықтарын өрескел бұзды деп айыптады.

Өңірдегі жағдай күрделі:
• 2023 жылдың соңынан бері Мавританияға 100 мыңнан астам адам бас сауғалаған.
• Босқындардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар, олар негізгі ресурстарға қол жеткізе алмай отыр.
• Босқындар лагерлерінің инфрақұрылымы шамадан тыс жүктелген, ал халықаралық донорлар көмегі қысқарып келеді.

Осыған дейін Малиде қарулы топтар жаппай шабуыл бастағаны туралы жаздық.