Малидегі лаңкестік шабуылдан БҰҰ-ның екі бітімгері қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Малидің солтүстігінде автокөліктің жарылуынан БҰҰ-ның екі бітімгері қаза тауып, тағы тоғызы жарақаттанды. Қаза болғандардың ұлты жарияланбай отыр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Хабарламада көрсетілгендей, лаңкес жарылғыш заттармен толтырылған көлікпен Бер елді мекенінде орналасқан БҰҰ-ның патрульдік базасына жақын келіп, жарылғыш затты іске қосқан.

Бүгінгі шабуыл өтіп бара жатқан аптада орын алған үшінші әрі ең үлкен жарылыстардың бірі. Оларды осы африкалық мемлекеттегі БҰҰ-ның халықаралық контингентіне қарсы радикалды исламдық топтар жасап отыр. Соңғы бірнеше күнде Малиде тағы үш бітімгер ауыр жарақаттар алған болатын.