Малидегі Radisson Blu қонақ үйіне шабуыл кезінде ажал құшқан 6 ресейліктің мәйіті еліне жеткізілді
14:51, 29 Қараша 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мали астанасында экстремистердің шабуылы салдарынан қаза тапқан "Волга-Днепр" әуе компаниясының алты қызметкерінің мәйіттерін жексенбі күні Ульяновске жеткізді, деп хабарлады Интерфакс.
"Борт Ульяновск әуежайына келіп қонды. Мәйіттерді аймақтық сот медициналық сараптама бюросына жеткізеді. Ол жерге тергеушілер, криминалистер мен қаза тапқандардың туыстары барады. Алдымен тану үдерісі, кейін сот медициналық сараптама жүргізіледі", - деді агенттікке құқық қорғау органдарындағы ақпарат көзі.
Қаза тапқандарды жерлеу рәсімі дүйсенбі Ульяновск пен Төменгі Новгородта өтеді.
Жұма, 20 қарашада Бамакода қаруланған содырлар Radisson Blu қонақ үйіне шабуыл жасап, 170 адамды тұтқынға алды.
Мали арнайы қызметі қонақ үйді басып алып, тұтқындардың көбі босатылды. Алайда 19 адам қаза тапты. Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова хабарлағандай, 13 шетелдікпен бірге 6 ресейлік ажал құшты.