БҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың Сырым ауданында ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша өткен сала мамандарымен және тұрғындармен жиналысында ауылдық жерде осындай кадрлардың аса қат екендігі сөз болды. Сырымдық шаруа Исламбек Өзбековтің айтуынша, жыл санап мал бағатын адамдар азайып барады. Сол секілді механизаторлар да сирексіп кетті. Сондықтан мұндай мамандық иелеріне «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша жеңілдіктер қарастырылғаны жөн. Депутат бұл мәселені қолдады.
Сонымен қатар «Шідерті» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Хамидуллин ауыл шаруашылығы техникаларының құны қымбаттап кеткенін жеткізсе, «Тоқмырза» шаруа қожалығының басшысы Серік Жонысов ветеринарлық шаралардың ойдағыдай атқарылмайтынын қаперге берді.
Мәжіліс депутаты сондай-ақ Ақжайық, Жаңақала ауданында болып, ауыл шаруашылығы өндірісі орындарының, шаруа қожалықтарының жұмыстарымен танысты.
Жексенбай Қартабайұлы жүздесулерде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына байланысты алда тұрған мақсат-міндеттерге, елде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы сөз болды. Бұл орайда шағын қожалықтар ірі кооперативтерге біріксе, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле беретіні айтылды.
Айта кетейік, Ж.Дүйсебаевтан басқа Мәжіліс депутаттары Зәуреш Аманжолова, Бақтияр Мәкен де өңір тұрғындарымен кездесулер өткізіп, олардың көкейіндегі сауалдарын тыңдап, жауап беруде.