Ақсу ауданының тұрғыны 11 бас малының бруцеллез ауруына шалдыққанына күмәндануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұрат Ормановтың сөзінше, мамандар алғашқыда ауруға шалдықты деген малдардан екінші мәрте сынама алуға келісімін беріп, артынша оның жасалуына жол бермей қойған. Себебі, екінші мәрте қан алуға болмайтынын алға тартқан. Бұл жайт Мұраттың күмәнін тіптен үдете түскен. Оның айтуынша, 11 бас малды қожалықтан ол жоқ кезде көлікке тиеп, Талдықорғанға алып кеткен.
Ал Ақсу аудандық ветеринария стансасының директоры Гүлзия Болатханқызы ауру малдардың анықталғаны жөнінде иесіне ескертілгенін айтуда. Ол бруцеллезге шалдыққан 11 бас мал санитарлық сойыс ретінде өңделу үшін жеке кәсіпкерге өткізілгенін жеткізді. Ал мемлекеттен арнайы бағдарлама бойынша 10 млн теңге несие алып, малмен жан баққан азамат зеңгі баба төлін қаншаға бағалағанынан да хабарсызбын деп отыр.
«Малды менсіз алып кетті. Мына малдар ауру деген бір түйір қағаз да тастамаған. Олардың малға қанша беретіні белгісіз. Ертең 2 мың теңге беріп тұрса, мен не істейтінімді білмеймін. Бала-шағамды қалай асыраймын. Ертең алған 10 миллион теңге несиемді қалай төлеймін?», - дейді «Нұр Мекен» шаруа қожалығының иесі.
Мұрат Ормановтың сөзінше, айдың басында шаруашылықтағы 90 бас малға аусылға қарсы екпе салынған. Бір тәуліктен соң малдардың басым бөлігі ақсап, жүре алмай қалыпты. Тіпті, екі сиыры өліп те қалған. «Мамандарға дер кезінде айтып, ескерткеніммен, ешбір жанды қожалыққа келтіре алмадым», деп отыр. Ол салынған вакциналардың сапасына күмән келтіруде. Сорақысы сол, енді малдардың неден өлгенін мамандар да анықтай алмайды. Себебі, олар дер кезінде ескертпегенін айтады. Ал шаруа иесі уақытында хабар бергенін айғақтайтын дәлелім бар деп отыр. Енді осы жайттар бойынша қожалық иесі құзырлы органға шағымданбақ.