Сәлима Омарованың айтуынша, 8 қараша күні таңертең Ұлдана оған бейнеқоңырау арқылы хабарласқан. Бұл шамамен таңғы сағат 9-да болған.
– Сол күні Шымкент қаласына баруым керек еді. Қызыма видеоны өшіріп, әдеттегі қоңыраумен сөйлесейік, үйді жинап, жолға шығуым керек деп айттым. Содан кейін видеоны өшіріп, әдеттегі қоңыраумен сөйлестік, – деді ол.
Оның айтуынша, Ұлдана әр шақыртуға барған сайын анасына хабарласып отырған.
– Әр шақыртуға барған сайын маған хабарласып отыратын. Мен де қызыма «Адамдар көмек сұрап шақырады, қолыңнан келсе, барынша көмектес» деп айтатынмын. Ол кезде қандай шақыртуға бара жатқанын айтқан жоқ. Себебі шыққан соң ауыр болғанын немесе жеңіл болғанын айтып отыратын, – деді Сәлима Омарова.
Сол күні Ұлдана анасымен көбірек сөйлесуді қалаған.
– «Қызым, асығып тұр едім» дедім. Ол да «Мама, телефонды өшірмеңізші, шақыртуға жеткенше уақыт бар, тағы біраз сөйлесейікші» деді. Сол күні азық-түлік алуым керек еді. Ауылда үлкен дүкен жоқ, 20-30 минут жердегі дүкенге баруым керек болды. Таксиге отырып, телефонмен сөйлесіп отырдым, – деді ол.
Ұлдана да шақырту орнына жеткенін айтып, жұмыстан шыққан соң қайта хабарласатынын жеткізген.
– «Мама, шақыртуға келдім, шыққан соң сізге хабарласамын» деді. Мен де «Жарайды, шыққан соң хабарласарсың» дедім. Дүкенге барғаным сол еді, заттарымды кассаға апарғанда Әділеттің анасы, құдағиым хабарласты. Екі-үш рет қоңырау шалғасын трубканы көтердім. Даусының өзгеріп кеткенін естіп, қорқып кеттім, – деді Ұлдананың анасы.
Оның айтуынша, құдағиы Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлағанын айтқан.
– Мен «шақыртудан шығып, дүкенге кірген болар, жай ғана дүкеннің бір сөресі құлаған шығар» деп ойладым. Себебі жаңа ғана қызымның даусын естіген едім, – деді Сәлима Омарова.
Көп ұзамай оған үлкен қызы да хабарласып, Ұлдананың ауруханаға түскенін айтқан.
– Үлкен қызым қоңырау шалып, «Тез жетіңіз, билет аламын, Ұлдана ауруханаға түсті» деді. Дүкенде есеңгіреп отырып қалдым. Есімді жиған соң бірден таксиге жүгірдім. Ол кезде түске жақындап қалған еді. Ауылдан Шымкентке жеткенше сағат 16:00-17:00 болды. Ұшақтан түсе сала қызыма келдім, – деді ол.
Ауруханаға келгенде Сәлима Омарованы балаларымен бірге Әділет пен құдағиы күтіп алған.
– Ауруханаға келдім. Мұндай жағдай болады деп күтпедім. Алдымнан балаларым, Әділет пен құдағиым күтіп алды. Қызымды отадан кейін жансақтау бөліміне алып келген екен. Бізді кіргізбей, реанимацияның алдында күзетіп отырдық. Таң атқанша ұйықтай алмадым, – деді ол.
Кейін дәрігерлер ауысқан соң, Ұлдананың анасын ғана реанимацияға кіргізген.
– Жансақтауда бірнеше адам жатыр. Қызымның қайда жатқанын бірден таппадым, тіпті өз қызымды тани алмадым. Оны мұндай ауыр жағдайда болады деп ойламаппын. Қызымның бетінен сүйіп, иіскеп, айтқым келген барлық сөзімді айтқым келді. Бірақ қызымның мені естімейтініне көзім жетті. Дәрігерлер көп тұруға болмайтынын айтып, мені сыртқа алып шықты, – деді Сәлима Омарова.
Сот отырысында сағат 15.00-ге дейін үзіліс жарияланды.
Бұған дейін марқұм фельдшердің жұбайы Әділет Зейнел әйелімен өткен соңғы сағаттар туралы айтып берген еді.
Сондай-ақ Ә. Зейнел Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгені қайда жұмсағанын түсіндірді.