Маман кадрларды қайта даярлау 373 оқу орнында жүзеге асырылмақ - Ж. Түймебаев

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жұмыстан босатылған кадрларды қайта даярлау шаралары 373 кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындары мен орталықтарында жүзеге асырылмақ. Аталған білім беру орындарында жыл сайын 150 мың адамды қайта оқыту мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Жансейіт Түймебаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, жұмыс берушілердің қатысуымен 170 мамандық бойынша оқу бағдарламалары әзірленді. Білім беру курстары 1-6 ай аралығында жүргізіледі. Сонымен қатар жоғары оқу орындары 179 мамандық бойынша қысқа мерзімде қайта даярлау оқу бағдарламаларын дайындаған. «Бір жылдың ішінде әр жоғары оқу орнында үш топты оқытуға болады. Ал әр топта 15 адамға дейін оқиды. Сондай-ақ оқыту мерзімі 1-ден 3 айға дейін жалғасады. Осылайша, еліміздің барлық аймақтарында кадрларды қайта даярлау бойынша курстар ұйымдастырылатын болады», деді Ж. Түймебаев.