Сот отырысында ҚР Қаржы министрлігі қаржы бақылау комитетінің маманы Шыңғыс Есжанов «ҚазТАГ» ХАА алты жыл қатарынан мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруда лоттарды заңсыз алғаны туралы хабарлады.
«2010 жылы БАҚ арқылы ақпараттық саясатты жүзеге асыру бойынша мемлекеттік сатып алуларды өткізуге конкурс жарияланды. Конкурс қорытындысы бойынша кей лоттар өткізілген жоқ деп танылды, өйткені лотқа ешкім қатыстырылған жоқ. Кейін ұйымдастырушылар конкурсқа қатыспаған «ҚазТАГ» ХАА» ЖШС-мен бір көзден сатып алу тәсілі арқылы конкурс өткізу туралы заңсыз шешім қабылдады. Осы жабдықтаушымен шарт жасасты», - деп қосты ол.
Сарапшы мұндай жағдай 2011 жылы орын алғаны туралы айтты.
«2011 жылы осындай қызметке конкурс жарияланды. Конкурс өткізілген жоқ деп танылды. Одан кейін бір көзден сатып алулар өткізу шешімі қабылданды. Шақыру «ҚазТАГ» ХАА-ға жөнелтілді, - деді куәгер.
Шыңғыс Есжановтың сөзіне қарағанда, тендерді заңсыз үйлестіру жағдайы 2015 жылға дейін жалғасқан. Осылайша, басымдық «ҚазТАГ» ХАА ғана берілген.
Сонымен қатар, Матаев басқарған «ҚазТАГ» ХАА комитетпен жасалған шарттар бойынша күн сайын мемлекет қызметі мен елде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттарды қолжетімді етіп жариялауы тиіс еді.
«Есептер мен орындалған жұмыс актілеріне сәйкес 199 материал ғана жарияланды. Сараптамалық материалдар мүлде жарияланбаған. Олардың саны күніне 5-7 болуы тиіс еді. Айына ең кемі 12 сұхбат жариялануы керек болатын. (...) Материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануы тиіс еді, бұл да орындалмады», - деген осыған дейін ҚБК маманы Дариға Апейісова.
Аудит барысында 2011 жылы сәуірде шарт бойынша айына 300-450 жаңалық болуы тиіс екені анықталды. Ал факті бойынша барлығы 150 болды. Мамыр айында - бар-жоғы 127 жаңалық.