Маман сауда орталықтарында орнатылған Wi-Fi желілерін пайдаланбауға кеңес берді

Фото: Jibek Joly

АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратураның дерегінше, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында елде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ал жалпы шығын 6 млрд теңгеден асты.

Интернет-алаяқтары қандай тәсілдерді жиі қолданады? Олардан қалай қорғану керек? «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген ІT маманы жауап берді.

— Ең көп тараған алаяқтықтардың бірі — call-center қызметі. Яғни алаяқтар сізге не туыстарыңызға белгілі бір ұйымнан хабарласуы мүмкін. Түрлі жағдайларды айтып, мәселенің алдын алу үшін код сұрауы ықтимал. Ондай кодтарды ешқашан айтуға болмайды. Өйткені қандай да бір ресми ұйымның қызметкерлері сізге WhatsApp, Telegram не жай қоңырау шалу арқылы код сұрамайды. Бұл тиісті мемлекеттік қосымшаларда ғана атқарылатын жұмыс, — дейді Ғалижан Толыбаев.

Маман түрлі сауда орталықтарында орнатылған Wi-Fi желілерін пайдаланбауға кеңес берді.

— Екінші кең тараған түрі — түрлі сауда орындарындағы жалған Wi-Fi желілері. Күмәнді интернет желілеріне кірмеуге тырысу керек. Мысалы, белгілі бір сауда орталығында түрлі ашық Wi-Fi желілері тұр делік. Олар алаяқтардың орнатқан интернет желісі болуы мүмкін. Сол арқылы сіздің байланыс нөміріңізді немесе телефоныңыздағы, компьютеріңіздегі деректерге қол жеткізуі мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ең бірінші кезекте құрылғыңызға антивирус қою керек. Ол мұндай қауіптен 80 пайыз қорғайды, — дейді студия қонағы.

Кең тараған интернет-алаяқтықтың тағы бір түрі — фишинг. Ғалижан Толыбаев бұл тәсілдің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

— Алаяқтар түрлі танымал әрі сенімді сайттардың аналогын жасайды. Яғни сол Kaspi сынды сайттарды толық көшіріп, атына дейін ұқсатып қояды. Сол арқылы сізге «Kaspi сізге 200 мың теңге жіберді» деп сілтеме жіберуі мүмкін. Ондай сілтемеге мүлде кірмеу керек. Жалпы сілтемелердің бәріне кіре бермеуге тырысу керек. Күмәнді сілтемелерді міндетті түрде тексеру қажет, — дейді ол.

Цифрлық дәуірде жасанды интеллект те алаяқтардың тиімді құралына айналды.

— Қазір ЖИ қарқынды дамып келе жатыр. Сіздің туысыңыздың дауысын да айнытпай қайталай алады. Қазір инвестиция туралы жарнама халық арасында тарап кетті. Олар танымал адамның атынан «осындай сайтқа кіріп, тіркеліңіздер, 300 есе пайда көресіздер, 1 айда миллиардер боласыздар» деген өтірік ақпараттарды жариялайды. Мұндай миға сыймайтын ақпараттарға алданбау керек. Бұл дипфейк деп аталады. Яғни белгілі бір адамды ЖИ арқылы толықтай көшіру, — дейді маман.

Студия қонағы алаяқтарға алданған жақынының оқиғасын бөлісті.

— Алаяқтықтың тағы бір тәсіліне жақында танысым алданды. Оған күтпеген жерден жеткізу қызметі арқылы гүл келген. Артынан call-center хабарласып, гүлдің қате мекенжайға кеткенін хабарлап, кешірім сұраған. Солай басқа мекенжайға алып кететіндерін айтқан. Ол үшін танысымнан код сұрайды. Ал қыз ештеңеден күдіктенбей, кодты айта салған. Солай ақшасының бәрінен айырылып қалды, — дейді Ғалижан Толыбаев.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласында тұратын жылдар бойы банкте жинаған қаражатынан бір сәтте айрылып қала жаздаған. Оны шешуші сәтте құрбысының қырағылығы құтқарып қалды.