— 2024 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасында ет бағытындағы мал шаруашылығына австралиялық технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, жайылымда бордақылау, өндірістік шығындарды азайту, қалдықсыз өндіріс жүйесін құру және жалпы өнімділікті арттыру бойынша австралиялық әріптестердің озық тәжірибесі енгізіліп жатыр. Аталған тәжірибені кезең-кезеңімен іске асыру аясында Түркістан облысында 12 мың басқа арналған мамандандырылған мал биржасын салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр, — деді министрліктен агенттік сауалына орай.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қарашасында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мал саудасының биржасы не үшін құрылып жатқанын айтқан еді.
— Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды, — деген еді Президент.