Сот төрағасының айтуынша, азаматтық сот өндірісінде медиация институтын енгізу және дамыту біршама оң нәтижелер беріп отыр.
«Экономикалық сотқа негізінен келісімшарттық қатынастардан (жыл басынан 1950 іс), жер дауларынан (65 іс), мемлекеттік сатып алу заңнамасына қатысты (2574 іс), банкроттық туралы (122 іс) және мемлекеттік органдардың әрекетіне шағымдану (184 іс) туындайтын істер келіп түседі. Айта кетерлігі, істерді қарау барысында шағын және орта бизнес субъектілерінің пайдасына 27 шешім шығарылды. Ал жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мемлекет кірісіне 147 млн. 41 мың теңге өндірілді», - деді Ақан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта шешім шығарылған сот актілерінің 97,9 пайызы заңды әрі түзетулерге жатпаған.
«Біз өзімізге келіп түскен істерді шапшаң қарап, шешім шығаруды міндет деп санап отырмыз. Бұнда ешқандай да сөзбұйдалық, төрешілдік немесе негізсіз шетке ысырушылық деген болмауы тиіс. Сондықтан да, бірінші жартыжылдықта істерді қарау мерзіміне ешқандай да бұзушылық орын алған емес», - деді А. Жұмағұлов.