деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астанадағы ҚР Президентінің Мемлекеттік басқару академиясында бас қосқан халықаралық сарапшылар, авторлық құқықты қорғау саласы бойынша айналысатын ғалымдар, ТМД-ның сот қауымдастықтарының өкілдері, зияткерлік құқықты иеленуші ірі компаниялардың басшылары инновация мен жаңа технологиялар дамыған 21-ші ғасырда авторлық құқық пен аралас құқықты қорғау саласындағы білімдерімен алмасуда және оны реттеудің тиімді жолдарын іздестіруде.
«Ғаламтордың өмірге етене кірігуі авторлық құқықты қорғау саласында халықаралық деңгейдегі жаңашылдықтар мен реформаларды қажет етеді. Біздің елде осыған орай зияткерлік меншікті қорғау институттарының қалыптасуына арналған құқықтық саясатты белсенді түрде жүргізіп келеді. Сот тәжірибесі мен заңнамалар жетілдірілуде, Халықаралық актілер ратификациялануда, сонымен қатар беделді халықаралық ұйымдармен әріптестік қатынастар орнатылуда», дейді ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков.
М.Әлімбековтің айтуынша, Қазақстанның құқықтық саясатының тұжырымдамасы бойынша мамандандырылған сот тәжірибесін енгізу жоспарланған. «Қазіргі уақытта республикада қылмыстық-азаматтық соттар, экономикалық және әкімшілік соттар, жасөспірімдер ісі жөніндегі соттар, әскери соттар бар. Енді тәжірибеге салықтық соттар құру, қалыптастыру жұмыстары жасалуда. Мамандандырылған салықтық соттар біздің елімізде зияткерлік меншікке қатысты дауларды қарастыруға мүмкіндік береді», деген ол, «өткізіліп отырған конференция аталмыш сот тәжірибесінің мінсіз негізін құруға қажетті білімді жинақтауға арналған диалогтік алаң болатынына» сенім білдірді.
Шара ҚР Жоғарғы Сотының, ҚР Президентінің Мемлекеттік басқару академиясының, ТМД қатысушы елдерінің гуманитарлық әріптестік жөніндегі мемлекетаралық қорының ұйымдастыруымен өтуде.