Мамандар егіннің бітік шығуы үшін жаздық бидайды 18 мамырдан бастап егуді құптайды
Мәселен, сала мамандарының айтуынша, былтырдың қыркүйек, қазан айларында және қарашаның бас кезінде жауған жауын-шашын егіні жинап алынған егістік жердің топырағына 37-53 мм-ге дейінгі тереңдікте ылғалды молайта түскен. Күзде және қыс басында еліміздің бірқатар басым аймақтарында жауын-шашын әдеттегі нормадан да артық жауған. Дегенмен, күзгі-жауын-шашын мен қардың түсуі әрқашан бітік егінге кепіл бола алмайтыны белгілі. Оның үстіне, Ақмола, Қостанай облыстарында, еліміздің орталық және шығыс өңірлерінде наурыз айының бас кезінде жауған жаңбыр мен қардың тығыздалуына, жылдам еріп кетуіне ықпал етіп, топырақта ылғалдың мол жиналуына кері әсерін тигізген. Соған қарамастан, республикамыздың егіншілікпен айналысатын аудандарында көктемнің бас кезінде топырақтың ылғалдануы үшін қолайлы жағдайлар қалыптасқанын мамандар алға тартады. Соны ескере отырып, ғалымдар пісіп-жетілу кезеңі орташа-кешеуілді жаздық бидай сұрыптарын мамырдың 18-23-і аралығында, ал орташа сұрыптарын мамырдың 20-26-сы аралығында, ерте пісетін сұрыптарды 23-30 мамыр аралығында себуге кеңес береді. «Бүгінгі таңда байқалып отырған ауа райының жағдайы 1972 және 1979 жылдардағы ауа райымен қатты ұқсас. Дәл сол жылдары жиналған егін орташа жылдық көрсеткіш деңгейінде және одан жоғары болған еді», - дейді «А. Бараев атындағы егін шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директоры Жексенбай Қасқарбаев.