Мамандар көкшетаулық шұжыққа құс қауырсыны қалай түскенін анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрамында құс қауырсыны анықталған шұжық өнімдерін өндіру тоқтатылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған факт бойынша Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің мамандары «Мясные времена» шұжық өнімдерін өндіруші «Prod Company «Pyarn» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізді.

"Тексеру барысында өндіру технологиясын өрескел бұзу фактілері анықталды. Шикізатты дайындау цехы болмағандықтан, етті алдын ала тазартпаған және жумаған. Осының нәтижесінде өнімде қауырсын түрінде бөтен қосындылар болған. Бұдан басқа, шикізатқа және дайын өнімге өндірістік бақылау ұйымдастырылмаған, осының салдарынан келіп түскен шикізаттың бір бөлігінде оның қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттар жоқ. Өндірістен алынған «Prod Company «Pyarn» ЖШС-ның шұжық өнімдеріне жүргізілген зертханалық сараптама нәтижелері онда қауырсындардың бар екендігін растады", - делінген ресми xабарламада.

Кәсіпкерлік нысан шағын бизнеске жатады. Ал Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, үш жылдың ішінде оған жалпыға ортақ тексеріс өткізуге рұқсат жоқ. Осы жолғы тексеру кезінде кәсіпкердің жұмыс істеп тұрған үй-жайды қайта жобалап, сумен жабдықтау және су бұрудың болмауы кезінде алаңы 130 шаршы метр болатын қосымша өндіріс үй-жайын пайдалануға енгізгені анықталды. Соның салдарынан бұрынғы технологиялық процесс бұзылды. Оған қоса, өндірісті кеңейту жұмыстары уәкілетті органның келісімінсіз жүргізілген.

"Анықталған заң бұзушылықтар үшін кәсіпкерге айыппұл салынды. «Prod Company «Pyarn» ЖШС-ның директорына ескертулерді жою туралы нұсқау берілді. Нысанды санитарлық талаптарға сай келтірмейінше оның жұмысы тоқтатылып отыр. Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті сапасыз өнімді анықтаған тұтынушыға оның белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіреді", - деп xабарлады комитет.