Мамандығы жоқ қандастар Қазақстанға бейімдеу орталықтары арқылы көшеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов БАҚ өкілдеріне қандастардың көшіп келуіндегі жаңашылдықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді қандастар шетелде отырып, «бір терезе» қағидаты арқылы қоныс аударатын өңірді таңдайды. Павлодар, Қостанай облысы сияқты жұмыс күші тапшы өңірлерден мамандығы бойынша квота алу мүмкіндігі бар. Бұл жерде жоғары білім ғана емес, орта білім де ескеріледі. Ал оңтүстік өңірлердегі жұмыс күші көп, ал жұмыс орны жоқ жерге бару үшін өзінің жағдайын өзі шешуі керек болады. Жұмысты өзі тауып алуы қажет. Не болмаса бұған дейін көшіп келген туысқандарымен қосылу мәселесі бар. Бұл бағытта тетіктер көп. Жаңа ғана Премьер-Министр бұл мәселелерді елге келіп барып шешпей, көшіп келмей тұрып шешіп алатындай жағдай жасау туралы тапсырма берді», - деп түсіндірді комитет басшысы.

Сондай-ақ ол нақты мамандығы немесе жоғары білімі жоқ, орта немесе жартылай орта білімі ғана бар қандастардың көшіп келу тәртібі қалай болатынын түсіндірді.

«Бүгінгі ұсынысты өздеріңіз естідіңіздер. Ол жерде сіз атаған санаттардағы қандастар елге келмей тұрып бейімдеу орталықтарымен байланысады. Ол жерде, біріншіден, тіл мәселесі. Екіншіден, сауатын көтеру және қысқа мерзімде жұмысқа бейімдеу сабақтарын немесе курстарын өтеді. Соның арқасында елге келген кезде отбасымен бірге бейімделіп көшеді», - деді Илияс Испанов.