Мамыр айының соңғы күндері республика аумағында ауа райы құбылмалы болады деп күтіледі. Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
— Батыс және солтүстік-батыс өңірлерде бүкіл кезең бойы, 28 мамырда оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарда, ал 28-29 мамыр күндері солтүстік пен шығыста қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, — делінген хабарламада.
Күндізгі ауа температурасы:
- батыста 15-25 градус жылыға дейін төмендейді;
- кезеңнің басында солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта 17-25 градус жылыға дейін төмендеп, кезең соңында 20-33 градус жылыға дейін көтеріледі;
- шығыста 15-25 градустан 20-30 градус жылы аралығында құбылады;
- оңтүстік пен оңтүстік-шығыста кезең басында 20-28 градус жылыға дейін төмендеп, соңында 27-38 градус жылыға дейін көтеріледі.