«Мамочкино кладбище» аймағын мемориалды кешендер қатарына қосу қажет- депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мамочкино кладбище» аймағын аза тұту орны ретінде тарихи орындардың бірыңғай мемориалды кешендерінің қатарына қосу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырсында еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Нұрлан Дулатбеков осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні мен Рухани келісім күнінде тағзым жасалатын орындардың бірі - «Мамочкино кладбище». Карлагтағы әйел тұтқындарға арналған перзентхана 1931 жылдан бері Карлаг «астанасы» болған Долинка елді мекенінде ашылған болатын. Тұтқындардың сәбилері балалар қалашығында ұсталды. Аналары күніне екі-үш мәрте айдауылдың басшылығымен келіп, балаларын қоректендіретін. Кейін сәбилер 2-3 жасқа келгенде оларды балалар үйлеріне ауыстырды. Мұнда бала өлімінің көрсеткіші тым жоғары болды. КСРО НКВД ГУЛАГ санитарлық бөлімінің мәліметі бойынша тек қана 1939 жылдың өзінде Карлагтағы 350 сәбидің 114-і көз жұмған. Өлген балаларды ауылдан шыға берістегі зиратқа жерледі. Олардың бәрін жинап, ортақ шұңқырға көміп отырған.

Кейбір деректерде қыс кезінде өлген сәбилерді ағаш бөшкелерге жинап, әбден толған соң барып көмгені туралы айтылады. Кейбір зираттарға мүлдем белгі қойылмаған. Мұнда жекелеген қабірлерді кездестіру тіптен мүмкін емес», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, өкінішке орай «Мамочкино кладбище» аймағы күні бүгінге дейін лайықты қорғауға алынбаған, ешқандай ескерткіш белгілері жоқ. Осыдан бірнеше күн бұрын вандалдар қасиетті орынның ойранын шығарған. Ұрылар зираттағы айқыш темірлерді металл сынықтарына тапсыру мақсатында ұрлап кеткен.

«Осыған байланысты «Мамочкино кладбище» аймағын аза тұту орны ретінде тарихи орындардың бірыңғай мемориалды кешенінің қатарына қосуды ұсынамын. Бұл иеротопикалық жоба елдегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайларының тарихи-архитектуралық ансамблін біріктіруге мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін. Жоғарыда аталған айтулы орындардың өзіне ғана тән аймақтық мұражайлық күйі ортақ кешенге жинақталады және саяси қуғын-сүргін кезеңінің көрінісі бола алады», - деді Дулатбеков.