МӘМС арқылы жеке клиникада емделу тәртібі түсіндірілді

Фото: total.kz

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде азаматтардың жеке клиникаларда ем алу мүмкіндігі кеңейді. Бұл жаңалыққа қатысты КЕАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Забира Оразалиева түсініктеме берді.

- Қорда қызмет көрсететін 1913 медициналық ұйымның 1215-і - жекеменшік, тек 704-і ғана мемлекеттік медициналық мекеме. Емделуші үшін ең бастысы - учаскелік дәрігерден жолдама алу. Қалғанын дәрігер мен мейірбике реттейді, - деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Оның айтуынша, учаскелік мейірбикелер әр 14 күн сайын жаңаратын қабылдау кестесін қарап, қай маманда бос орын барын тексереді. Егер тіркелген емханада қажетті техника немесе маман болмаса, пациент автоматты түрде қордың тізіміндегі басқа мекемеге жолданады. Бұл талап жеке және мемлекеттік клиникалар үшін бірдей.

- Қор тізіміне енген кез келген клиникаға тіркелуге болады. Косметологиялық қызметтерден басқа барлық медициналық қызметтер МӘМС пакетіне кіреді. Жеке де, мемлекеттік те клиникаларға қойылатын талап бірдей: лицензия, санитарлық рұқсаттар, сертификатталған мамандар және қажетті құрал-жабдық болуы керек, - деп түсіндірді Оразалиева.

Сонымен қатар, Забира ханым пациенттердің емхана ауыстыру тәртібін де нақтылады.

- Жылына бір рет өз таңдауы бойынша жеке клиникаға ауысуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, әрбір азамат кез келген уақытта тұрғылықты жері өзгерсе немесе үйінің жанында жаңа клиника ашылса ауыса алады, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Министрлік МӘМС шығыны бойынша деректерді жариялауды қарастырып отырғанын жазған едік.