МӘМС: БҚО-да 106 мыңнан астам адам сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес Батыс Қазақстан облысында 695 588 адам тұрса, соның 589 052-сі немесе 84,7 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының директоры Сандуғаш Болысбекованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 384 944 азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды мемлекет төлейтін 15 жеңілдік санатына кіреді.
Сандуғаш Қиясбайқызының сөзіне қарағанда, қалған 210 780-ы — қызметкерлер, жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және басқа да экономикалық белсенді азаматтар.
— Дегенмен сақтандырылмағандар да бар. Олардың үлесі — 15,3 пайыз. Дәлірек айтқанда, 106 536 адам түрлі себептермен жүйеден тыс қалып отыр. МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, олардың бәрі кепілдендірілген медициналық көмек ала алады. Бірақ МӘМС жүйесінде сақтандырылмауы азаматтардың аурулардың алдын алып, жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек пен диагностикаға қол жеткізуін қиындатады, — дейді С. Болысбекова.
Оның айтуынша, бұған дейін сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілер оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар мен тіпті жылға да жарналарды төлеуі тиіс еді. Қазіргі кезде балама әдіс пайда болды. Жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасаса, жетіп жатыр.
Филиал директоры келтірген мәліметке қарағанда, өткен жылы 56 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалса, соның 37-сі немесе 66,1 пайызы — мемлекеттік, 19-ы (33,9 пайызы) — жеке мекемелер. Қаржыландыру көлемі 2023 жылмен салыстырғанда, 9 пайызға артып, 84,9 млрд теңгеге жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 130 мыңға жуық адамның сақтандырылмағанын жазған болатынбыз.