МӘМС енгізілгеннен кейін қазақстандықтар қандай тегін медициналық көмек ала алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін қазақстандықтардың тегін алатын көмек түрлері белгілі болды. 

Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, МӘМС-тің нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар  нормативтік-құқықтық актілер әзірлеу және оны қабылдау бойынша жұмыстар жүргізуде.

«Бүгінгі таңда 6 нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Жылдың соңына 81 нормативтік-құқықтық акті қабылданады. Қазіргі уақытта МӘМС-тің ең маңызды нормативтік-құқықтық актілері  мемлекеттік органдарымен келісуімен өтуде. Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің  кепілдік беретін көлемінің тізбесін бекіту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтердің тізбесін бекіту туралы Үкімет қаулылары», - деді ол.

Сонымен қатар министр тегін медициналық көмектің кепілдік берілетін көлемінің топтамасы сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық адамдарға ұсынылатындығын атап өтті.

«Оған медициналық көмектің мынадай  негізгі түрлері кіреді. Олар: жедел медициналық көмек пен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, әлеуметтік мәні бар емдеу кезінде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек (туберкулез, онкология, психатрия сынды әлеуметтік аурулар), профилактикалық егулер. Бұған қоса, 2020 жылға дейін барлық сақтандырылмағандар үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін амбулаториялық-емханалық көмек ұсынылатын  болады. Бұл халықтың әлеуметтік қауқарсыз тобының толық медициналық көмекпен  қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді»,-  деді Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, сақтандырылған азаматтарға тегін медициналық көмектің  кепілдік берілген көлемінен бөлек  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру топтамасы аясында қосымша қызметтер ұсынылады.