МӘМС: мемлекет жарналарының мөлшері біртіндеп артады

Фото: Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Медициналық сақтандыруда мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі күшейтілмек. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

- Жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заң жобасында мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған екі бастама ұсынылады. Біріншіден, бұл қызметкерлердің жарналарын есептеу базасының жоғарғы шегін арттыру. Екіншіден, МӘМС жүйесіне мемлекет жарналарының мөлшерлемелерін ұлғайту. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру (10-нан 50 ең төменгі жалақыға дейін) ұсынылады. Бұл өзгерістер барлық жалдамалы жұмысшылар мен оларға жұмыс берушілердің шамамен 9 пайызына ғана (508 мың адам) әсер етеді. Себебі, қазір табысы жоғары адамдар пропорционалды түрде аз төлейді, - деді А. Әлназарова.

Екінші кезеңде – 2027 жылдан бастап МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерін біртіндеп арттыру ескерілген.

- Осылайша, 2015 жылы Қазақстан Республикасының МӘМС туралы Заңының бірінші редакциясында белгіленген бастапқы қаржы моделіне ішінара оралуды бастаймыз. Бұл өз кезегінде жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін жарналар мөлшерін көбейтпеуге, денсаулық сақтау жүйесін ұзақ мерзімді перспективада қолдауға мүмкіндік береді. Яғни, біз жұмысшылар мен жұмыс берушілердің қазіргі кезде төлеп отырған жарналарын өзгеріссіз қалдыруды ұсынып отырмыз, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Сонымен қатар, жұмыссыз адамдардың МӘМС жарналарын төлеу шығыстарын жергілікті бюджеттерге жүктеу ұсынылды.