МӘМС жүйесінде жалған қызмет көрсету туралы 52 мың факті анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кемшіліктер өте көп. Сонымен қатар, мемлекет қаражатының қайда кетіп жатқаны туралы ақпарат толық емес. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

МӘМС мәселесі Үкімет деңгейінде қаралып жатыр. Жуырда Премьер-Министрдің қатысуымен жиын өтті. Бір айдың ішінде жасалған жұмыстың нәтижесінде жүйедегі көптеген кемшілікті көріп отырмыз. Бірінші кемшілік, ол жерде ашықтық жоқ, себебі цифрландыру жүрмеген. Мысалы, кейбір медициналық ұйымдар көрсетілген қызметтерді артығымен жазып отырған. Қызмет көрсетілмеген, оны көрсетілді деп жіберген. Бұл жөнінде ата-аналардың да шағымы бар. Бүгінде МӘМС жүйесі бойынша жалған қызмет көрсетілгені туралы 52 мың факті анықталды

, - Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, МӘМС қызметіне қатысты істің мән-жайы тексеріліп, шешім шығарылады.

Мәселені шешудің бір жолы аталған жүйе қызметін толық цифрландыру қажет. Қазір кемшіліктер өте көп. Бюджет қаржысының қайда кетіп жатқаны туралы толық ақпарат жоқ

, - дейді ол.

Сондай-ақ, Алтай Көлгінов жүйе аясында көрсетілген қызметтер бойынша нақты статистиканың жоқтығын айтты.