МӘМС жүйесіне қатысты әлі де сұрақтар бар — Асхат Аймағамбетов

АСТАНА. KAZINFORM — Халықтың медицинаға қатысты шығындары көбейіп барады. Бұл туралы Құрылтайдағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде МӘМС жүйесін дамыту бойынша тақырыптық отырыста аталған комитеттің төрағасы Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Фото: Асхат Аймағамбетовтің жеке мұрағатынан

— Шынын айтсақ, сайлаушылармен кездескен кезде, МӘМС мәселесі жиі көтеріліп жатады. Медициналық көмекке қолжетімділік тақырыбы өте көп көтеріледі. Жағдай қиындап барады. Тіпті, азаматтардың өз қалтасынан төленетін қаражаты жыл сайын өсіп жатыр, — деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл салада цифрландыруды жетілдіру мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше мән берілді.

— Осы қорды Қаржы министрлігіне бергенде, үшжақты келісімге қол қойылған еді. Сонда, әр тарап — Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрліктері өздеріне нақты міндеттемелерді алды. Қордың құрылғанына 10 толыпты. Кейінгі 7-8 жылдың ішінде осы салаға қатысты сұрақтар азаймай тұр, — деді депутат.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2,8 млн-ға жуық адам қазірдің өзінде МӘМС жүйесінен тыс қалып отырғанын айтты. 

Еске салсақ, жыл басында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қарауындағы ұйымдар тізімінен шығарылып, ҚР Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.