МӘМС жүйесіне өзгеріс енгізілді – Мәжіліс заңды қабылдады

Фото: Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM –  Бүгін Мәжіліс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

- Заң жобасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде мемлекеттің қызметін құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруға, сақтандырылған мәртебесін қамтамасыз етуге, ресми тіркелген жұмыссыздар мен әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық, шұғыл деңгейдегі азаматтарға жергілікті бюджет есебінен медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне жарна мөлшерін кезең-кезеңімен өзгертуге бағытталған құқықтық нормалар көзделген, - деді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс заң жобасына келесі ұсыныстар енгізді:

- Сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, алғашқы жүгінген кезде және әлеуметтік маңызы бар ауруларды алдын алу, диагностикалау және емдеу, сондай-ақ жекелеген скринингтер бойынша қызмет көрсетуде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің базалық пакетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында сақтау;

- Жалақының айлық табысынан МӘМС жүйесіне аударымдар есебінің шекті мөлшерін 50 ең төменгі жалақыдан 20 еселікке дейін, ал жұмыс берушілер үшін – 40 еселік ең төменгі жалақыға дейін төмендету;

- МӘМС жүйесінің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында жарналарды қатарынан 60 ай бойы төлеген азаматтар үшін жарна төлеу тоқтатылған сәттен бастап 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтау;

- Әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізбесін заңмен бекіту.

Сонымен қатар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында депутаттар келесі нормаларды ұсынды:

- МӘМС жүйесіндегі қаржылық қозғалыстар туралы мәліметтерді ресми интернет-ресурстарда міндетті түрде жариялау;

- Қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған денсаулық сақтау субъектілерінен қаржыны қайтару;

- Уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында нақты деректер жарияланған жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізу.

- Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылауды күшейту және қадағалауды енгізу бойынша ұсынылған нормалар қызу талқыланды. Депутаттар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға анықталған бұзушылықтарға жедел ден қою шараларын қолдану құқығымен қадағалау функциясын беру ұсынысын енгізді. Үкіметтің қорытындысына сәйкес, тиісті лицензия немесе сертификат болмаған жағдайда қадағалауды енгізу жөніндегі түзетулер қабылданды, - дейді Г. Нұрым.

Заң жобасын талқылау барысында кейбір ұсыныстар қолдау таппаған, тиісінше қабылданбады:

- медициналық қызметтерге уақытылы ақы төлеу;

- бақылау, мониторинг және айыппұл санкцияларын қолдану функцияларын қор мен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен уәкілетті орган арасында бөлу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.

- Заң жобасы аясында қаралатын мәселелер ауқымының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының атауын: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді. Мәжілістің барлық комитеті заң жобасы бойынша қорытындыларын берді. Жұмыс тобының 19 отырысы және комитеттің үш кеңейтілген отырысы өткізілді, депутаттардың 200-ге жуық ұсынысы қаралды, - деп толықтырды халық қалаулысы.

Еске салсақ, 30 сәуірде Мәжіліс МӘМС жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.