«Мәмүліктерден қалған Құран Кәрім ғаламторда жарияланбақшы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 26 қаңтар, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «АҚШ-пен әріптестік әлеуеті артады» атты мақала басылды. Онда ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ-тың астанасы Вашингтонға сапары жөнінде баяндалады. Сапары аясында өткізген екіжақты кездесулері барысында Қанат Саудабаев АҚШ-тың беделді саясаткерлерін еліміздің соңғы уақытта қол жеткізген саяси-экономикалық жетістіктерімен жан-жақты таныстырған. Ол жаһандық дағдарыстың қиындықтарына қарамастан, 2009 жылы еліміз ІЖӨ-нің үлесін 2 пайызға жеткізіп, белгіленген барлық әлеуметтік бағдарламаларды сақтап қалғанын, ал 2010 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің өсімі 7,5 пайызды құрап отырғанын атап көрсеткен. Ұлттық қор 19 миллиард долларға артып, биылғы жылы 54 миллиард АҚШ долларын құрағанын айтқан.

Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалының IX партиялық есеп беру-сайлау конференциясында көтерілген мәселелер жөнінде баяндалған. Серпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша бүгінде 22 жоба жүзеге асырылуда. Оның жалпы сомасы - 665,0 миллиард теңгені құрайды. Мұның ішінде өткен жылы 56 миллиард теңгенің 8 жобасы іске асырылған. Сөйтіп, бұл өндірістерде 3 мыңнан астым жұмыс орны ашылған. Бұл мақала «Экономика мен саясат: таразы басы тең» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі нөмірінде «Балық қорының азаюына басқалар кінәлі ме?» деген тақырыппен проблемалық мақала жжарық көрді. Мақалада елімізде бекіре балығының азайып кету жағдайы баяндалады. Бас прокурордың орынбасары Асқат Дауылбаевтың айтуынша, соңғы жылдары бекіре балығының қоры ондаған есе кеміп кеткен. Мұның себебі ұйымдасқын қылмыстық сипатқа ие болған браконьерлік болып отыр. Прокурордың орынбасары келтірген ресми деректер бойынша соңғы үш жылда шетелге 40 тонна бекіре балығы мен 4 тонна қара уылдырық шығарылған. Ал жедел мәлімет бойынша жыл сайын заңсыз жолмен сыртқа шығатын балықтың көлемі - 600 тонна болса, уылдырық 10 тоннаға дейін барады.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, дәрігер қателігінің кесірінен жарық дүниемен қоштасатын жандардың саны кемімей отыр. Еліміздің денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жыл сайын еселеп өскенімен, ешбір нәтиже жоқ. Ал «Науқас болғаны үшін кінәлі» деген тақырып қойып, қоғамдық тыңдау өткізген «Аман-саулық» қоғамдық қорының өкілдері бұл мәселенің себебін қазынадан бөлінген қаржының тікелей дәрігерге бағытталмағанынан көреді. Бұл жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Науқас болғаны үшін кінәлі ме?» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

***

«Ішкі істер министрлігі «ворлармен күресті қатайтпақ». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға кеше Мәжілісте талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы арқау болған. Автордың жазуынша, посткеңестік елдер арасындағы ұйымдасқан қылмыспен күресте Грузия тәжірибесі басқаларға үлгі, оқ бойы озық саналады. Саакашвили билігінің ең әрі жалғыз мақтанарлық тұсы да осы шығар. «М.Саакашвили президенттіктің алғашқы жылынан-ақ жең ұшынан жалғасқан һәм ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жариялап, кешенді шаралар жүргізді, арнайы заң қабылдады. Іле-шала Ресей де өз заңдарын қымтай түскені белгілі. Алайда грузиндер қабылдаған заң «ворларды» биліктен аластатып қана қоймай, елден де тентіретіп жіберген болса, алып Ресейдің қауқары оған жетпеді», - делінген мақалада.

Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің хабарлауынша, Қасиетті Құран кітәбінің көлемі жағынан әлемдегі ең ірі нұсқаларының бірі жақында ғаламторда жарияланбақшы. «Мәмүліктерден қалған Құран Кәрім ғаламторда жарияланбақшы» деген тақырыппен басылған мақала авторының жазуынша, Мысырды билеген мәмлүктердің дәуірінен қалған, шамамен кемінде 500 жыл болған қасиетті ескі қолжазба кәтаптың ірілігі соншалықты - ғалымдар кітәптың сандық бейнесін алу үшін оны дисплейге сыйғыза алмапты. Себебі, Құран Кәрімнің осы нұсқасының әрбір беті плазмалық экранды теледидардың көлемінен де үлкен болып шықты. Алайда кітәп тым ескі болғандықтан, парақтары үлбіреп тұр, яғни көрмеге қоюға келмейді. Ұлыбританиялық ғалымдар бұл кітәпті сақтап қалу үшін көшірмесін алып, ғаламторда жариялауды жөн көріп отыр.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Найти экобаланс» атты мақала жарияланды. Онда кеше өткен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер туралы баяндалған. Алқада Үкімет басшысы ведомствоның алдына бірқатар міндеттер қойған. Премьер-Министр қойған тапсырмалардың дені мынадай: болашақта экологиялық мәселелерді шешуді кейінге қалдыруға болмайды. Ал ірі өнеркәсіп нысандарының жұмысын ерекше қадағалау керек. Сондай-ақ жаңа жобалар да арнайы органдардың сараптамалық шешімдерінсіз іске асырылмауы тиіс. Еліміз индустриялық даму бағытына бет алған тұста болашақ жоспарлардың да мерзімінен кешіктірілмегені абзал.