Мамыр айынан бастап Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр қолданыла бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі ағымдағы жылғы мамыр айынан бастап пациенттер мен дәрігерлер үшін еркін қолданыстағы тегін электронды Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қолданысқа енгізеді. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр пациенттерді емдеу нәтижелерін жақсарту және денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне дәрілік заттар туралы өзекті, толыққанды, шынайы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Осыған байланысты Ұлттық формуляр мамыр айынан бастап мемлекеттік және орыс тілдерінде www.knf.kz сілтемесі арқылы жұмыс істейтін болады.

«Қазіргі таңда Қазақстандық ұлттық формулар құрамына 644 халықаралық патенттелмеген дәрілік заттардың атауы мен клиникалық тиімділігі дәлелденген 2 мыңға жуық сауда атаулары кіреді. Оны жасау барысында ең үздік халықаралық тәжірибе, фармакотерапияны жүргізудің дәлелді негізделген тәсілдері, клиникалық және экономикалық тиімді, қауіпсіз дәрілік заттарды тұтыну дәрежесін зерттеу мәліметтері, әрбір ауруды емдеу курсының бағасы туралы ақпарат қолданылды», - деді А. Цой.

Министрлік ұлттық формулар құрамына енген дәрілік заттардың тізімін тұрақты түрде жаңартып отыратын болады. Бұл дәрілік заттарды тағайындайтын дәрігерлерге жаңа тіркелген медициналық препараттар туралы, олардың кері әсері жайында ақпаратты уақытылы алуға, дәрілердің мөлшерлемесін белгілеу бойынша шешімдерін растауға, тиімді емдеу курсын тағайындауға көмектеседі.

Жалпы алғанда Қазақстандық ұлттық формулярды әзірлеуге Дүниежүзілік Банк сарапшылары, Еуропа мен Жаңа Зеландиядан келген халықаралық кеңесшілер, сонымен қатар, әлемде үздік болып саналатын Британдық ұлттық дәрілік формулярды жасаған Дункан Энрайт қатысқан. Оның пікірінше, Қазақстандық ұлттық формулар - азаматтарды емдеу нәтижелерін жақсартумен қатар, дәрілік заттарды барынша тиімді сатып алу арқылы бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін бірегей жоба.