Мамыр айында Елбасының қарауына «Қазақтандағы 2012 жылғы адам құқығының қорғалуы туралы» баяндама ұсынылады

АЛМАТЫ. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Адам саудасы және одан туындайтын проблемалар Қазақстанда жаппай сипат алмаған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия хатшылығының меңгерушісі Тастемір Әбішев бүгін Алматыда «Мәжбүрлеу мен құлдық еңбекке ұқсас сұраныстың төмендеуі» деген тақырыпта өтіп жатқан Орталық Азиялық аймақтық сұхбат кезінде айтты.

«ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия жыл сайын Президенттің қарауына «Қазақстанда адам құқығының қорғалу деңгейі» жөнінде баяндама дайындайды. Қазіргі кезде 2012 жылғы адам құқығының қорғалуы туралы баяндама әзірленуде. Ол мамыр айында Елбасының қарауына ұсынылады. Онда алдын алу және болдырмау мәселелері қарастырылған», - дейді Т.Әбішев. Тастемір Дәуітұлының айтуынша, 2011-2012 жылдары адам саудасы бойынша 40-тан астам қылмыстық іс қозғалып, оның 16-сы бойынша сот шешімі шығарылды. Елімізде адам ұрлау, жас балаларды сату, адам органдарын сату, қыздарды коммерциялық жыныстық қатынаспен айналысуға мәжбүрлеу мен заңсыз жүрген еңбек мигранттарды мәжбүрлеп жұмыс істету фактілері кездеседі. Алайда бұл жаппай сипат алмаған. Адам саудасына қатысты мұндай фактілердің тіркелуі соңғы жылдары тұрақты, деп атап өтті Т.Әбішев.