Мамыр айында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мамыр айында еліміздегі жұмыссыздар саны 466,4 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі - 5,1 пайыз деңгейінде болды.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, ресми түрде ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты жұмыспен қамту органдарында 60,4 мың адам тіркелген («Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылар құрамына қосылған тұлғалардың есебінсіз). Бұл ретте тіркелген жұмыссыздардың үлесі экономикалық белсенді халықтың 0,7 пайызын құрап, былтырғы жылғы деңгеймен бірдей көрсеткішті көрсетті.

Жалпы, бағалау бойынша, бүркемелі жұмыссыздық деңгейі 2014 жылдың 1 мамырында экономикалық белсенді халықтың 0,4 пайызын құраған. Қазақстан экономикасында ағымдағы жылдың мамырында, бағалау бойынша, 8,8 млн адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда олардың саны 169,1 мың адамға, немесе 2 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, жалдамалы жұмысшылардың саны 6,1 млн адамды құрады (жұмыспен қамтылғандар жалпы санының 69,3%-ы).

2014 жылдың І тоқсанындағы алдын ала мәліметтер бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалпы санының өнімді жұмысқа араласқандар үлесі 66,6 пайызды құрады, тұрақсыз жұмысқа араласқандар 33,4 пайызды құрап отыр.