Мамыр айында жасалған қылмыстың 2 мыңға жуығы ізі суымай ашылды - ІІМ

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мамыр айының бірінші онкүндігінде барлығы 3572 қылмыс тіркелді, оның ішінде 1951 қылмыс немесе 55 пайызы ашылған.

Бұл мәліметтерді бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков келтірді.

Оның айтуынша, жасалған қылмыстардың жалпы санының 50% астамын (1797) ұрлықтар құрайды. Көшелер мен қоғамдық орындарда 435 қылмыс әрекеті анықталған.

Онкүндікте еліміздің аумағында 47 кісі өлтіру фактісі тіркеліп, оның 42-сі ашылды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 49 қылмыс анықталды, оның ішінде 18 факті есірткі сату. Сонымен қатар осы уақыт аралығында автокөліктерді ұрлау мен айдап кетудің 78 фактісі тіркелген, оның ішінде 39 факті ашылмаған.

«Ағымдағы жылғы мамырда өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жалпы республика бойынша бұрын жасалған 495 қылмыс ашылды, оның ішінде 9 - кісі өлтіру, 11 - қарақшылық, 65 - тонау, 335 - ұрлық және 9 - автокөлік айдап әкету. Бұрындары қылмыс жасаған 54 қылмыскер табылды»,-дейді Қ. Тыныбеков.