Мамыр айының 1-іне дейін барлық әкімдіктер өз аумақтарында мал сою бекеттерін немесе алаңдарын қамтамасыз етуі керек - С.Сүлейменов

АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мамыр айының 1-іне дейін барлық әкімдіктер өз аумақтарында мал сою бекеттерін немесе алаңдарын қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік барлық облыс әкімдіктерімен келісімшарт жасасуда. Аталған құжатқа сәйкес әкімдіктер өздерінің аумағындағы барлық елді мекендерді қажетті мал сою бекеттерімен және алаңдарымен қамтамасыз етуі қажет. Ол үшін ағымдағы жылы мамырдың 1-іне дейін уақыт берілген.

«Бүгін біз Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерімен келісімшартқа қол қойдық. Қалған облыстар 1-2-і күннің ішінде осы құжатқа қол қойып жібереді. Осыған сәйкес барлық облыстар мамырдың 1-іне дейін өз аумақтарын мал сою бекеттерімен немесе алаңдарымен қамтамасыз ететін болады», деп атап өтті комитет төрағасы.

Бүгінгі күні республика бойынша салынған мал сою бекеттері мен алаңдарының үлесі 33,1 пайыз болып отыр. Жалпы министрлік жергілікті атқару органдармен бірлесіп нақты жұмыстар атқаруда. Соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы - 75,7, Батыс Қазақстан облысы - 55, Оңтүстік Қазақстан облысы - 48,7 пайызға мал сою бекеттерімен немесе алаңдармен қамтамасыз етілген. Ал кейбір облыстардағы бұл жұмыстардың нәтижесі тым мардымсыз. Оларда аталған орындармен қамтамасыз етілу деңгейі 20 пайызға да жетпейді.

Комитет басшысының айтуына қарағанда, соңғы бір жарым айдың ішінде мал сою бекеттерінің саны 221-ден 251-ге ұлғайған, дегенмен республика бойынша осындай 1495 орын қажет. Бұл көрсеткіш уақытша мал сою алаңдарында да жақсарып келе жатқандығы байқалады. Мәселен, осыдан 1,5 ай бұрын 313 уақытша алаң болса, қазір оның саны 593-ке жеткен. Ал республикалық қажеттілік 1925 алаңды құрайды.